Белгілі жазушы Тоқаевқа намазға жығылуға кеңес берді (ВИДЕО)
Сөйтсе, әкесі де осы тілекті айтқан екен
Белгілі жазушы Смағұл Елубай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанда намазға жығылуға кеңес берген. Бұл туралы ол «Сұрауы бар» Youtube арнасында журналист Ербол Сейілханға берген сұхбатында айтты.
«Ол кісіге менің ақыл айтуым ыңғайсыз. Бірақ былай дедім: «Қазақ тарихындағы қиын заманда сіз отырсыз мына жерде. Өте қиын заманда. Геосаяси жағдай Қазақстанның екі жағында (Ресей мен Қытай) ушығып тұр. Осындай жағдай Абылай ханның да басында болып еді. Жойылып кетудің о жақ бұ жағында болды, қазақ. Сол жағдай сіздің де басыңызда да бар. Ел басқару оңай емес. Қазір сіздің денсаулығыңыз қажет. Депрессияны сейілту керек. Адамға салмақ түскен кезде депрессияға ұшырайды дедім», - дейді жазушы.
Смағұл Елубай Тоқаевтың қаңтар оқиғасы кезінде таңатқанша ұйықтамағанын Мемлекеттік хатшы Ерлан Қариннен естігенін айтады.
«Сондықтан ең болмаса таңнамазын оқыңызшы, мен өз тәжірибемнен айтып отырмын. Намаз стресті түсіреді, оған қоса қиын кезде Алла жар болады» дедім. Ол кісі күліп, кезінде шетелде дипломат болып жүргенде әкеме құран әкеліп беріп едім дейді. Сонда әкем де осы тілекті айтып еді деп күлді. Ұсынысымды қабылдады ма, білмеймін, айтуын айттым», - деп жеткізді екеуара әңгімені қаламгер.