Атырау облысында жаңа электр желілері іске қосылды
KEGOC АҚ 780 шақырымға жуық 220 кВ 5 электр беру желісін салды
Атырау облысында елімізде батыс аймағының электр желілерін нығайту мақсатында салынған жаңа электр желілері іске қосылды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Ресми басқосу рәсіміне телекөпір арқылы премьер-министрі Әлихан Смайылов қатысты.
Желінің өткізу қабілетін арттыру және еліміздің батыс аймағындағы тұтынушыларды тұрақты энергия қуатымен қамтамасыз ету мақсатында KEGOC АҚ «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау – Маңғыстау» бағыты бойынша жалпы ұзындығы 780 шақырымға жуық 220 кВ 5 электр беру желісін салды.
Әлихан Смайылов бұл стратегиялық маңызды жобаның батыс аймағының энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономикалық дамуы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Мұның барлығы электр желілерінің өткізу қабілетін 2 есе ұлғайтуға, сондай-ақ еліміздің батыс өңіріндегі тұтынушылар үшін энергоблоктарда, оның ішінде МАЭК станциясында апаттық жағдайлардың санын едәуір азайтуға мүмкіндік береді, – деді премьер-министр.
Жұмыс барысында 4,2 мыңнан астам электр бағандары орнатылып, «Уральская», «Правобережная», «Индер», «Құлсары», «Теңіз» қосалқы станцияларын кеңейту қамтамасыз етілді. Сондай-ақ «Қарабатан» жаңа таратушы қосалқы станциясы іске қосылды.
Жобаны іске асыру нәтижесінде электр желісінің қуаттылығы «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау» учаскесінде 100 МВт-тан 200 МВт-қа, «Атырау – Маңғыстау» учаскесінде 50 МВт-тан 200 МВт-қа дейін көбейді.
Нәтижесінде Батыс аймақ желісінің сенімділігі 2 есе артып, апат ықтималдығы азайды.