Ұлытау облысында 223 млн теңге талан-таражға салынған
Облыс орталығының жылу желілерін қайта құру және жаңғырту кезінде бюджет қаражаты негізсіз артық төленген
Ұлытау облысында бюджеттің 223 млн теңгесі талан-таражға салынған. Бұл туралы өңірдің прокуратурасы хабарлады.
Прокурорлар Жезқазған қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің (бұдан әрі – ТКШ бөлімі) қызметін тексергенде, облыс орталығының жылу желілерін қайта құру және жаңғырту кезінде бюджет қаражатының аса ірі көлемде ұрланғанын анықтады. Атап айтқанда, 2021 жылы ТКШ бөлімінің лауазымды иелері құрылыс жұмыстарын қымбат бағамен қабылдаған. Осылайша, 223 млн теңге бюджет қаражаты негізсіз артық төленген, – делінген хабарламада.
Осы оқиға бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді бастап, оны тергеп-тексеру Ұлытау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментіне тапсырылды.
Қылмыстық істі тергеп-тексеру облыс прокуратурасының бақылауына алынды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге мәлімет тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабына сәйкес, әркім өзінің қылмыстық құқықбұзышылық жасаудағы кінәсы соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз болып саналады.