Павлодар облысында қылмыстық топ ұсталды (ВИДЕО)
Олардан қару-жарақ пен граната тәркіленді
Павлодар облысында полиция адамдарды бопсалаумен айналысқан қылмыстық топты ұстады, деп хабарлады Polisia.kz.
Топты Павлодар облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен ұстаған. Қылмыстық топ құрамына 25-35 жас аралығындағы жігіттер кірген. Қазір күдіктілердің бопсалаудың 5 фактісіне қатысы бары анықталды.
Сонымен қатар топ мүшелерінің Павлодар облысында қару қолданып, бұзақылық жасауға және пәтер ұрлығына қатысының бар-жоғы да тексеріліп жатыр.
Тінту шараларының нәтижесінде қатысушылардан 5 атыс және травматикалық қару, қолдан жасалған кастеттер, биталар мен пышақтар, сондай-ақ РГД-5 гранатасы тәркіленді. Бұл бойынша сараптама тағайындалды.
Қылмыстық топтың 7 мүшесі ұсталды. Оның ішінде ең белсенді 3 қатысушысы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр. Тергеу Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша жүргізіліп жатыр, – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.