Halyq Uni логотип
×

Туризм және спорт министрі ауыр атлетикадағы допинг мәселесімен күресуді тапсырды

2022 жылдың басынан бері 43 спортшы допинг қолданды деп айыпталған

 Дастан Жұмабекұлы 28.11.2023 | 21:35
Туризм және спорт министрі ауыр атлетикадағы допинг мәселесімен күресуді тапсырды
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Туризм және спорт министрі Ауыр атлетика федерациясының басшылығы мен жаттықтырушылар құрамымен кездесті.

Жиында федерация өкілдері спортшылардың Азия ойындарындағы өнерін қорытындылап, ауыр атлетика спортын дамыту жоспарымен таныстырды, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.

Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасының ауыр атлеттері небәрі 1 қола медаль олжалап, жарыс алдында алған міндеттемелерін орындай алмады. Қытайдағы додаға дейін олар 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алуға уәде берген еді.

Ермек Маржықпаев кейінгі жылдары ауыр атлетика спортшыларының жаппай допинг дауына ұшырап жатқанына байланысты өткір мәселе көтерді. 2022 жылдың басынан бері 43 спортшы допинг қолданды деп айыпталған.

Азия ойындары алдындағы допинг мәселесіне байланысты федерацияның басшылық және жаттықтырушы құрамы толық жаңарды. Нәтижесінде ұлттық құрама Ханчжоуда негізгі құрамда өнер көрсете алмады.

Ұлттық допингке қарсы орталықтың өкілдері спорттық медицина және оңалту орталығымен бірлесіп, спортшыларды жаппай шеттету себептерін анықтау үшін спорттық тамақтану үлгілері мен фармакологиялық құралдарға зерттеулер жүргізеді.

Еліміздің ауыр атлетика спортының тарихы бай, жеңіспен өрілген тамаша дәстүрі бар. Қалыптасқан жағдайға байланысты, бұл спорт түрінен бас тартуға болмайды. Жаңа басшылық пен жаттықтырушылар штабы допинг мәселесіне байланысты допинг сынамаларын егжей-тегжейлі тексеріп, тыйым салынған құралдарды қолдануға нөлдік төзімділік бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуі керек. Спорттан шеттетілген саңлақтарды мұндай қиын-қыстау кезеңде қолдап, оларға демеу көрсетуіміз керек, - деді Туризм және спорт министрі.

Сондай-ақ ол ауыр атлетика федерациясының өкілдеріне бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, спортшылардың спорттық тамақтану мен қалпына келтіру құралдарын өз бетінше сатып алуын болдырмау, барлық мүдделі мекемелермен бірігіп, фармакологиялық құралдарды сатып алу алгоритмін әзірлеу, ауыр салмақтағы спортшыларды даярлау жөніндегі жеке бағдарламаны іске қосуды жүктеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама