ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат та ұсынылуы керек
Бүгіннен бастап докторантураға түсу емтихандары басталды. Емтиханды тапсыруға өтініш қабылдау 25 қазан мен 10 қараша аралығында Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында болады, деп хабарлады ведомство.
Докторантураға түсу емтихандарына 1060 адам қатысады. Емтихан бүгін басталып, 2 желтоқсанға дейін жалғасады.
Түсу емтиханына эссе жазу, докторантураға дайындық тесті және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді. Жалпы, түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші – 100 балл, оның ішінде әңгімелесу – 20 балл, эссе – 10 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30 балл, бейіні бойынша емтихан сұрақтары – 40 балл. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурсқа қатысу және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл – 75 балл, - деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
2022 жылдан бастап докторантураға түсу үшін шет тілін меңгергендігі туралы сертификаттан бөлек, ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификатты ұсыну қажет.
Түсу емтиханының нәтижелері оны өткізгеннен кейін келесі күні жарияланады. Докторантураға емтихан тапсырғандар оның нәтижелерімен жеке кабинетінде таныса алады.
Болашақ докторанттар үшін 700-ден астам грант бөлінген.