Полиция Құлсары қаласының экс-әкімін іздестіріп жатыр
20 мамырда әлеуметтік желіде Атырау қаласындағы Көктем шағын ауданында белгісіз тұрғындардың өзін Құлсары қаласының бұрынғы әкімі Қаржау Шарғабаев деп таныстырған тұлғаны политилен қапшыққа оралған ақ түсті белгісіз ұнтақпен ұстап алған видеосы тарады.
Видео авторы ақ ұнтақтың есірткі заты екенін түсіндіреді. Аталған фактіге қатысты Атырау қалалық полиция басқармасының №2 қалалық бөлімі Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігімен тергеу амалдарын бастады. Қазіргі таңда 41 жастағы Жылыой ауданының тұрғыны Қ.С.Шарғабаевтың жүрген жері анықталуда.
Сондай-ақ, 20 мамыр күні Facebook желісінде Қаржау Шарғабевтың 19 мамыр күні Томарлы селосында белгісіз 7-8 адамның ұрып-соғып, телефонын тартып алып, қорқытып видеоға түсіргені туралы видеоүндеуі жарияланды. Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен тергеу басталды.
41 жастағы Шарғабаев Жылыой ауданының тумасы. Білімі жоғары – екі мамандығы бар. Қаржыгер әрі экономист. 2011-2016 жылдары Құлсары қаласы әкімдігі аппаратында бас маман болып жұмыс істеді. 2016-2017 жылдары Құлсары қаласы әкімінің орынбасары болды. 2017-2018 жылдары – Жаңа Қаратон ауылдық округінің әкімі болды. Кейін 2018 жылдың 29 желтоқсанынан бастап Құлсары қаласы әкімі болып тағайындалып, 2019 жылдың маусымында қызметінен кетті.