Түркістан облысында тұрғыннан қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіленді

Динара Амантай

Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды

Фото: polisia.kz

Түркістан облысының полицейлері тұрғыннан қару-жарақ пен оқ-дәрі тәркіледі, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында қару-жарақ пен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактісін анықтады.

Полицейлер Мақтаарал ауданының Атакент ауылында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, күмәнді ВАЗ-2114 автокөлігін тоқтатты. Жедел уәкілдер көліктің ішін тексеру кезінде «Сайга» атыс қаруы мен шолақ аңшылық мылтық, сондай-ақ аталған қарулардың 8 оқ-дәрісін тауып, тәркіледі. Жергілікті тұрғын полиция бөліміне жеткізілді.

Қазір сараптама тағайындалды. Күдікті қамауға алынды. ҚР ҚК-нің 287-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – делінген хабарламада.

Полицейлер ер адамның атыс қаруын қандай мақсатта заңсыз ұстағанын анықтап жатыр.