Мобильді топ 400-ден аса отбасын тексерді
Балаларына тиісті күтім жасамаған ата-аналардан 15 бала алынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Алматы облысының прокуратурасы полиция департаменті және басқа мүдделі органдарымен бірлесіп, «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасын іске асырып жатыр. Әр ауданда және Қонаев қаласында прокуратура, полиция, қорғаншылық және қамқоршылық, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, психологтар, үкіметтік емес ұйымдар және басқа мүдделі органдардың қызметкерлері қатарынан мобильдік топтар құрылды.
Бұл жоба балалардың құқығын қорғауға бағытталған. Оның негізгі мақсаты – зорлық-зомбылық қаупінде тұрған немесе оған ұшыраған балаларды анықтау.
Мобильдік топтар бір айда 400-ден аса отбасын тексерді. Олар – полиция және пробация органдарында есепте тұрғандар, тұрмысы қолайсыз, толық емес және табысы аз отбасылар, сондай-ақ балалары өгей әкелерімен тұратын отбасылар.
Мысалы, Іле ауданында аштан жүдеу, сөйлеуге және жүруге мұршасы қалмаған 6 жасар бала анықталды. Ол жедел түрде «Екіжақты пневмония» диагнозымен аудандық ауруханаға жатқызылып, медициналық көмек көрсетілді. Ал ата-анасы ӘҚБтК 127-бабының 2-бөлігі («Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қорғаншылық және қамқоршылық органы ата-ана құқығын шектеу туралы талаппен сотқа жүгінді.
Райымбек ауданында 3 баласы ашыққан отбасы анықталды. Оларға медициналық көмек көрсетіліп, қысқы қиім сатып алынды. Екі бала жазылған соң балабақшаға, ал үлкені мектеп-интернатқа орналастырылатын болды.
Балқаш ауданында 3 отбасында өгей әкелердің балаларды ұрып-соққаны анықталды. Полиция органдарымен кінәлі тұлғаларға қатыcты ӘҚБтК 73-2-бабы («Ұрып-соғу») бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы істер қозғалды.
Жалпы, біріккен рейдтер нәтижелері бойынша әкімшілік жауапкершілікке 51 ата-ана тартылды.
Оның ішінде:
Жауапсыз ата-аналардан 15 бала алынды. Сотқа ата-ана құқығын шектеу туралы 7 талап қою берілді.
Азық-түлік, көмір және балаларға жылы киім түрінде материалдық көмек 86 отбасыға көрсетілді. Медициналық тексеруден 901 бала өтіп, 16 бала ауруханаға жатқызылды.
Тұрғын үйге кезекке 152 бала қойылып, 2 отбасыға тұрғын үй алуға көмек көрсетілді.
Балалардың қатысуымен 8 іс-шара өткізіліп, прокурорлар мектептерде түрлі тақырыптарда 496 дәріс оқыды.
Алматы облысы прокуратурасының QR-коды барлық білім мекемелерінде орналасқанын айта кеткен жөн. Ол арқылы ай сайын азаматтардан 10-ға жуық түрлі құқықбұзушылық фактілері туралы хабарламалар түседі. Оның ішінде буллинг, қорқытып алу, ақша жинау және басқалар бар.
Бұл сигналдарды прокурорлар жедел тексеріп, расталған жағдайда прокурорлық қадағалау шаралары қабылданып жатыр. Заманауи технологияларды енгізу құқықбұзушылықтардың алдын-алуы мен ашуына оң септігін тигізетінін тәжірибе көрсетті.