«Өкпесінде 8 см құрт жүрген»: Шымкентте дәрігерлер баланы аман алып қалды (ФОТО)
Дұрыс пісірілмеген малдың еті де қауіпті
Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігерлері эхинококк диагнозы қойылған 4 жастағы балаға ашық түрде операция жасады.
ҚазАқпараттың хабарына қарағанда, 11 мамыр күні науқас баланы қалалық клиникалық балалар ауруханасына жедел жәрдем жеткізген. Дәрігерлер пациентті рентген, компьютерлік томография тексеруінен өткізіп, өкпесінің оң жақ бөлігінен эхинококк кистасын анықтаған.
Қалалық клиникалық балалар ауруханасы хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Әкім Түлкібаевтың айтуынша, дәрігерлер эхинакокк кистасы анықталған соң баланы отаға дайындады. Операция 13 мамыр күні жасалды. Хирургтар баланың өкпесіне ашық түрде ота жасап, құртты кистамен бірге алып шықты. Құрт баланың кеуде қуыс аймағын жайлаған. Өкпесінде 8 см құрт жүрген. Бір сағатқа созылған операция сәтті өтті.
Қазір баланың жағдайы жақсы. Ол бір күн жансақтау бөлімінде жатып, бөлімшеге ауысқан. Денсаулығы жақсарған пациентті дәрігерлер 18 мамыр күні ауруханадан шығарды. Дәрігерлердің айтуынша, эхинококкоз ауруының қоздырғыштары ит, мысық және төрт түліктен жұғуы мүмкін. Сонымен қатар, дұрыс пісірілмеген ауру малдың еті де адамға үлкен қауіп төндіреді. Сол себепті мамандар балалардың тамақтануына үлкен мән беру керек екенін айтады.