Halyq Uni логотип
×

«Үйге бармасам болды»: Дәрігерлер ата-анасы ұрып-соққан 7 жасар қыздың қазіргі жағдайын айтты

Туған перзентіне күн көрсетпей жүрген ата-анасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр

 Халық үні 28.11.2023 | 08:20
«Үйге бармасам болды»: Дәрігерлер ата-анасы ұрып-соққан 7 жасар қыздың қазіргі жағдайын айтты
Фото: elements.envato.com

«Үйге қайтпай-ақ қойсам бола ма?». Елордада ата-анасынан көк ала қойдай болып таяқ жеп, ауруханаға түскен 7 жасар қыз дәрігерлерге осылай өтініш айтқан. Кеуде тұсы тұтас көгеріп, қолы мен иығы зақымданған 1-сынып оқушысының жағдайы қазір қалыпты, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Телеарнаның хабарлауынша, алғаш болып баланың жай-күйінің болмай жүргенін сынып жетекшісі байқапты. Ол бірден жедел жәрдем шақырып, балалар құқығын қорғау мекемесіне хабар берген.

Ауруханаға түскен бойда әбден шошынып қалған бала ешкіммен сөйлеспей, жабырқау жүреді. Кейін дәрігерлердің қамқорлығын сезінген соң үйге жібермеуін сұрап, анасынан бөлек, нағашы атасының да жиі жұдырық ала жүгіретінін айтқан. Ағынан жарылған қыздың өзінен басқа, туған 6 бауыры бар.

Балалар омбудсмені Динара Зәкиева қазір үйдегі басқа балалардың да жағдайын анықтап жатырмыз деді. Туған перзентіне күн көрсетпей жүрген ата-анасына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Жеті жасар қыз бізге 23 қарашада түсті. Бала қатты қорқып қалған, жай сөйлегеніміздің өзінде бетін жауып, өзін қорғамақшы болады. Кеуде тұсы, білектері мен иығы көгеріп кеткен. Саусақтарына да зақым келіпті. Әбден қанаған. Қазір жағдайы оңалып келеді. «Үйге бармасам болды» деп шыр-пыр болады, – дейді Астана қаласы №2 клиникалық балалар ауруханасының дәрігері Арслан Дүйсенбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама