Қазіргі уақытта экс-басшының қайда жүргені белгісіз
Қарағанды облысында полиция департаменті тергеу басқармасының экс-басшысы ұрлық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Экс-басшы мен тергеуші өз лауазымын асыра пайдаланып, майнингке арналған жабдықтарды ұрлаған. Қазіргі күні Қылмыстық кодекстің 188-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы «Ұрлық» және 361-бабы 4-бөлігі «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану» бойынша тергеу басталды.
«Қарағанды облыстық прокуратурасының келісімімен бұрын жұмыстан шығарылған полиция департаменті тергеу басқармасының экс-басшысы мен осы бөлімшенің тергеушісі күдікке ілінді», - деді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.
Қазіргі уақытта экс-басшының қайда жүргені белгісіз. Полицияға өзі келмеген жағдайда іздеу жарияланады.