Тұрғын үй қорын жаңғырту мәселесі бойынша жұмыстар келесі жылы да жалғасатын болады
Биыл «2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде Әуезов ауданында 95 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлады Halyq Uni.
Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, 57 үйде 102 лифт ауыстырылды және 38 үйде жалпы пайдалану орындарына, яғни шатыр, инженерлік желілерге күрделі жөндеу жүргізілді.
Жалпы аудан бойынша тұрғын үй қорын жаңғырту қажеттілігі қалып отыр. Осыған байланысты жұмыстар келесі жылы да жалғасатын болады. Тұрғындардан түскен 2024 жылдың бірінші тоқсанында 7 үйде 10 лифт ауыстыруға және 20 үйде жалпы пайдалану орындарын күрделі жөндеуге қатысты өтінімдер бар,– деді Әуезов ауданының әкімі Абзал Егембердиев.
Оның айтуынша, азаматтық-тұрғын үй құрылысы бойынша нысандарды іске асыру жалғасып жатыр. Биыл жалпы ауданы 78 мың шаршы метр екі көпқабатты тұрғын үй кешені іске қосылды. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін жалпы ауданы 83 мың шаршы метр болатын тағы екі көппәтерлі тұрғын үй кешенін іске қосу жоспарланған. Келесі жылы жалпы ауданы 143 мың шаршы метр болатын тұрғын үй кешенін іске қосу жоспарланып отыр.