Ақмола облысында мердігерге 1,4 млн теңгедей айыппұл салынды
Ол жұмыс кестесінен 66 күннен аса артта қалған
Ақмола облысында жөн-жосықсыз жұмыс істеген мердігерге 1 млн 400 мың теңгеге жуық айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс әкімі Марат Ахметжановтың Біржан сал ауданына сапары қорытындысы бойынша тапсырмасы аясында Ақмола облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы «Степняк қаласындағы №1 жалпы білім беретін мектепті күрделі жөндеу» сапасына тексеру жүргізді.
Тексеру барысында «ГрадСтройСервис» ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу шарты 403 млн теңгеден аса көлемде 2 жылға жасалғаны, мердігердің кейбір жұмыстарды аяқтамағаны, жұмыс кестесінен 66 күннен аса артта қалғаны, су құбыры мен кәріз жүйесін орнатуға мүлде кіріспегені анықталды.
Тексеру нәтижелері бойынша мердігер тарапынан жобадан ауытқуды, шатыр жұмыстарын жүргізу кезіндегі бұзушылықтарды, атқарушылық-техникалық құжаттаманың, жұмыстар жүргізу жобасының және жасырын жұмыстар актілерінің болмауын қамтитын көптеген бұзушылықтар анықталды.
Тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы «ГрадСтройСервис» ЖШС-не қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 315-бабы бойынша («Құжаттаманың болмауы») және 312-бабының 2-бөлігі («Жобадан ауытқу») бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамалар жасады. Ол мәні бойынша шаралар қабылдау үшін сотқа жіберілді (санкция – айыппұл және лицензиядан айыру), сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 315-бабы бойынша («Құжаттаманың болмауы») анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, – делінген хабарламада.
Біржан сал ауданы сотының 2023 жылғы 21 қарашадағы қаулысымен «ГрадСтройСервис» ЖШС ҚР ӘҚБтК-нің 312-бабы 2-бөлігі бойынша 2-санаттағы құрылыс-монтаждау жұмыстары лицензиясынан айыра отырып, 1 млн 380 мың теңге (400 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынып, сотпен жауапкершілікке тартылды.