Алматы мен Шымкентте әйелдер жаңа туған сәбилерін сатқысы келген (ВИДЕО)
Екі келіншек те несиесін төлей алмай жүрген
Елімізде «STOP-трафик» операциясы кезінде 24 жастағы келіншектің жүктіліктің жетінші айында әлеуметтік желіге баланы сату туралы хабарландыру жариялап, сатып алушыларды іздеумен айналысқаны белгілі болды, деп хабарлады polisia.kz.
Ол балалары жоқ ерлі-зайыптыларды тауып, олармен келісім жасаған. Баланы сатып алғысы келгендер әйелдің несиелік қарыздарын өтеп бергісі келген. Бұл факті «Кәмелетке толмағандар саудасы» бабы бойынша тіркелді. Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды.
Шымкентте жаңа туған нәрестені сатқысы келген тағы бір әйел ұсталды. Ол өз баласын сатқысы келіп, сатып алушыларды іздеумен айналысқан. 23 жастағы жас әйел сәбиді сату үшін делдал арқылы басқа облыстың 45 жастағы тұрғынын тапқан. Бұл оқиға да Қылмыстық кодекстің 135-бабы бойынша тіркелді.
Бала сәбилер үйіне орналастырылды. Күдікті қамауға алынды.
ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, жалпы «STOP-трафик» операциясы кезінде 39 қылмыс анықталды. Соның ішінде ағза саудалауға қатысты 1 қылмыс, заңсыз жұмыс істетуге қатысты 3 оқиға, адам саудасына, жезөкшелікпен айналысуға, притон ұстауға және жеңгетайлықпен айналысқан адамдарға қатысты қылмыстық іс қозғалды.