Halyq Uni логотип
×

Президенттік олимпиада жеңімпаздарына 20 білім гранты мен арнайы шәкіртақылар берілді

Қазақстанның барлық өңірінен келген 198 оқушы өзара үздікті анықтады

 Динара Амантай 27.11.2023 | 11:43
Президенттік олимпиада жеңімпаздарына 20 білім гранты мен арнайы шәкіртақылар берілді
Фото: Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі

Жаратылыстану-математика циклі пәндері бойынша XVI Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңі аяқталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанның барлық өңірінен келген 198 оқушы өзара үздікті анықтады.

Президенттік олимпиада – еліміздің дарынды оқушыларын анықтауға көмектесетін және олардың әлеуетін іске асыруға қолдау көрсететін бірегей жоба. Олимпиаданың басты идеясы – патриоттық рухты, мықты, интеллектуалды, жоғары білімді қазақстандық оқушыларды тәрбиелеу, жаратылыстану-математика ғылымдарын тереңдетіп оқыту. Олимпиада өткізілген 16 жыл ішінде 2 500-ге жуық оқушыға өмірлік ұстаным, бағыт-бағдар айқындап берді. Сайыстың көптеген жеңімпазы мен жүлдегері университеттерде оқуын аяқтағаннан кейін еліміздің әртүрлі саласында еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүр, – деді «Дарын» РҒПО директоры Ғаждембек Тұрсынов.

Олимпиада қорытындысы бойынша 10 жеңімпаз Оқу-ағарту министрлігінің I дәрежелі дипломдары және алтын медальдарымен, 15 жүлдегер II дәрежелі дипломдары мен күміс медальдарымен және 27 қатысушы III дәрежелі дипломдары және қола медальдарымен марапатталды. 20 жеңімпазға оқуға білім беру гранттары (Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне – 10, «Тұран» университетіне – 3, Alikhan Bokeikhan University-не – 5, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне – 2) табысталды.

Сонымен қатар, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері аталған оқу орнына түскен жағдайда арнайы шәкіртақы тағайындайтынын хабарлады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама