МН17 рейсін атып түсірген Ресей әскерилері
Нидерланды соты МН17 рейсін атып түсірген Ресей әскерилері деген қорытынды жасады.
Бұл туралы «Укринформ» хабарлады.
2014 жылы 17 шілде күні Украина аспанынан ұшып бара жатқан Малайзия авиажелісінің «Boeing-777» жолаушылар ұшағы атып түсірілген болатын.
Осы оқиғаға байланысты Нидерланды Ресей тарапының айыпты басқаларға жапқысы келген болжамын қабылдамай тастады. Сот бұл қайғылы жағдайға Кремльдің тікелей қатысы бар екенін білдіретін айғақтың жеткілікті екенін мәлімдеді.
Сот Ресей тарапын «Бук» қондырғысының көмегімен Малайзия елінің әуе кемесін атып түсіргені үшін айып тағып отыр.
Нидерландының прокурорлары ресейліктер Игорь Гиркин, Сергей Дубинский, Олег Пулатов пен украиналық Леонид Харченко айыптап, оларға өмір бойы түрмеге отыру жазасын кесуді сұрайды.
Айыпталушылардың адвокаттары ұшақ ракета тимей-ақ, басқа себеппен құлағанын дәлелдеуге тырысқан. Ал прокурорлар кезекті мәрте сотталушылардың айыптары бар екеніне сенімді болып отыр.
Бұл іс бойынша шешім биылғы жылдың 17 қарашасында немесе 15 желтоқсанында шығуға тиіс. Сот әзірге нақты күнді айтпады.
Еске сала кетсек, 2014 жылы 14 мамыр күні Нидерландының Амстердам қаласынан Малайзияның астанасы Куала-Лумпурға қарай ұшып шыққанына 2 сағат 49 минут болған лайнерді Украинаның Донецк облысы үстінде Ресей әскерилері атып құлатты. Сол сәтте жолаушылар әуе кемесінің бортында 283 жолаушы, 15 экипаж мүшесі, барлығы 293 адам бар еді. Бәрі түгел опат болды. Кейін Халықаралық тергеу тобы ұшақты РФ Қарулы күштерінің 53-зенит-ракета бригадасының «Бук» қондырғысы арқылы атып түсіргенін анықтап шықты.