×

Қазақстан мен Өзбекстанды жаңа теміржол байланыстыратын болады

Оның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу бекеті ашылады

 Динара Амантай 27.11.2023 | 09:50
Фото: primeminister.kz

Түркістан облысында ұзындығы 152 шақырым болатын Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Премьер-министр Әлихан Смайылов телекөпір режимінде жұмыстарды ресми түрде бастап берді.

Ірі инфрақұрылымдық жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатыр және республиканың көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуға бағытталған. Оның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу бекеті ашылады.

Жаңа темір жол желісін салу қолданыстағы Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүктерді жаңа тармаққа қайта бағдарлауға, «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және жалпы Өзбекстан бағытында экспорттық тасымалдарды ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұдан басқа, жоба Түркістан облысының республиканың негізгі теміржол желісімен қосылуы есебінен оның дамуына ықпал ететін болады.

Премьер-министр өз сөзінде бүгін Қазақстанда тағы бір маңызды оқиға болып жатқанын атап өтті.

Теміржол – мемлекетіміздің экономикалық және әлеуметтік өмірінің дамуын қамтамасыз ететін болат артериялар. Өткен жылы теміржолдармен Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығындағы ең жоғары жүк көлемі тасымалданып, ол 245 млрд тонна-шақырымды қамтыды. Мұндай қарқындар геосаяси жағдайларға және инфрақұрылымдық шектеулерге қарамастан биыл да сақталып отыр, – деді Әлихан Смайылов.

Жоба екі кезеңге бөлінеді.

  • Бірінші кезең «Сырдария» станциясына шығатын Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы – Ердаут-Мақтаарал желісін салуды көздейді.
  • Екінші кезеңде Жетісай-Өзбекстанның мемлекеттік шекарасы тармағын пайдалануға беру көзделген.

Барлығы 152 шақырым темір жол төсемі салынады. Жоба үшін 19,7 мың тонна рельс, сондай-ақ 280 мың темірбетон шпал мен рельс бекіткіш сатып алу жоспарланып отыр.

Жаңа теміржол құрылысы 3 мың 400 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Жобадағы қазақстандық қамту үлесі – 85%.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама