Соңғы төрт жылда лифтілердің дұрыс жұмыс істемеуінен 8 қайғылы жағдай тіркелген
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан лифттері қауымдастығының мәліметінше, 2018-2022 жылдар аралығында елімізде лифттердің дұрыс жұмыс істемеуіне байланысты 13 төтенше жағдай тіркеліп, оның 8-і қайғылы жағдаймен аяқталған.
Бүгінде көпқабатты үйлерде 30 мыңнан астам лифт болса, соның 4 мыңнан астамы жөндеуді не алмастыруды қажет етеді екен. Бір мысал, жаңа жыл қарсаңында, 31 желтоқсанда елу жастағы перзентхана қызметкері жүк лифтісінің шахтасына құлап, көз жұмды. Қылмыстық істі тергеу барысында перзентханадағы 6 лифтінің үшеуінің жарамдылық мерзімі 2014 жылы өтіп кеткені, яғни лифттерге дұрыс қызмет көрсетілмегені немесе мүлде қызмет көрсетілмейтіні белгілі болды.
Осындай жайттарды болдырмас үшін «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалы лифтілерді монтаждау және қызмет көрсету бойынша мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізген. Соның нәтижесінде мемлекеттік ұйымдардың өнеркәсіп қауіпсіздігі саласында жұмыс істеуге рұқсаты жоқ мердігерлермен 27 келісішарт жасасқаны анықталған. Ал келісімшарттардың жалпы құны - 114 864 445 теңге.
Қазір «Әділдік жолы» РҚБ Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының өтініші негізінде Өнеркәсіп қауіпсіздік комитетінің елордалық департаменті 6 мердігерге қатысты әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес хаттама жасап, мамандандырылған ауданаралық сотқа әкімшілік талап-арыздар жолдаған. Одан бөлек, тағы бірнеше мердігер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.