Смайылов ауылда медициналық нысанның пайдалануға уақтылы берілуі керектігін ескертті
Өңірде 32 көпсалалы орталық аудандық аурухананы жаңғырту қарастырылған
Премьер-министр Әлихан Смайылов «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес іске асырылып жатқан ұлттық жоба аясында өңірлерде 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысанын ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде 257 медициналық, 238 фельдшерлік-акушерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория бар. Биыл 99 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бүгінде оның 20-сы аяқталды, қалғандарының жұмыстары жалғасып жатыр.
Сонымен қатар ұлттық жобада инсульт орталықтары, кардиология, жансақтау, оңалту бөлімдерін ашу, сондай-ақ оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы 32 көпсалалы орталық аудандық аурухананы жаңғырту қарастырылған.
Премьер-министр Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қостанай және басқа да бірқатар облыстардың әкімдіктеріне алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетудің жаңа нысандарын салу бойынша жұмысты жеделдетіп, жыл соңына дейін оларды пайдалануға беруді қамтамасыз ету керектігін атап өтті.
Ұлттық жобаны іске асыру Үкіметтің бақылауында. Министр мен өңірлердің әкімдері бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет, – деді Әлихан Смайылов.