«АБК» – эстрададағы алғашқы топ, «Тамшылар» – алғашқы клип
Әнші, продюсер Қыдырәлі Болманов «Қазақстан» телеарнасының «1001 түн» бағдарламасында өзінің қазақ эстрадасына төңкеріс жасағанын айтты.
«Эстраданың қазақша үлгісін ең бірінші болып мен қаладым десем, артық болмайды. «Ұлытау», «АБК», Қарақат, әрқайсысы бөлек. Эстрадада унисонмен ән айтқан бірінші дуэт Қыдырәлі мен Қарақат болса, бүгінде Аллаға шүкір, жетеді. Қазір біздегідей дуэттер саны Ресейде, Өзбекстанда, Тәжікстанда, айналамызда жоқ», – дейді ол.
Соның ішінде «АБК» тобын өзінің алғашқы жеңісі деп санайды.
«АБК» – эстрададағы алғашқы топ, «Тамшылар» – алғашқы клип. «АБК» тобын менің алғашқы үлкен жеңістерімнің бірі деп есептеймін.
Өйткені біз эстрадаға келген кезде барлығы таза орысша болатын. Жұлдыздар көп-ақ, ішінде қазақша топ, қазақша әнші жоқ. Кеңес Одағын айтпай-ақ қояйын, бер жағын алайын. Ол менің намысыма тиді», - дейді Қыдырәлі Болманов.
Содан ол «сіресіп қалған мұздың көбесін қалай да сөгу керек» деп шешіпті.
«АБК» – намыстан туған топ. Құрылды, бірінші клип түсірілді, әрі қарай маған Алла көмектесті. Бұл клип жарылыс жасады. Бүкіл рейтингтерде бірінші орындарда айлап, жылдап тұрды. Жалпы идеологиялық кеңістігімізді кеңейту үшін мен амалдарды өте жақсы қолдандым», – деді Болманов.