Halyq Uni логотип
×

Халықаралық тасымалдауға заңсыз рұқсат берудің 400-ден аса дерегі тіркелген

Көлік саласындағы ұлттық заңнама асығыс қабылданған

 Динара Амантай 24.11.2023 | 16:19
Халықаралық тасымалдауға заңсыз рұқсат берудің 400-ден аса дерегі тіркелген
Фото: Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі

Халықаралық автомобиль тасымалы саласындағы көліктік бақылаудың кемшіліктері Бас көлік прокуратурасы жанындағы үйлестіру кеңесінде қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үйлестіру кеңесінің жұмысына құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың, бейінді министрліктердің және басқа да орталық ведомстволардың өкілдері қатысты.

Кездесуде бірінші кезекте халықаралық көлік саласындағы ұлтық заңнамасы жүйесі асығыс және заңды болжау рәсімін сақтамай қабылданған нормативтік актілерге негізделгені атап өтілді. Сондықтан Көлік министрлігі үшін басым міндеттердің қатарында осы саладағы нормативтік құқықтық актілерді дайындау сапасын арттыру, сондай-ақ қолданыстағы нормаларда отандық тасымалдаушылардың жағдайын нашарлататын нормаларды алып тастау қажеттігі айқындалды.

Сондай-ақ кеңес отырысында бейінді министрлікпен басқа да орталық органдар арасында көлік саласына қолайлы жағдайлар жасау және оны дамыту үшін халықаралық автомобиль тасымалдарына мониторинг пен бақылауды жүйелі негізде іске асыруға мүмкіндік беретін бірыңғай алгоритм жоқ екендігі атап өтілді. Бұған Қаржы, Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктерімен және басқа да мүдделі органдармен цифрлық ортада осы уақытқа дейін жолға қойылған ведомствоаралық ақпараттық өзара іс-қимылдың болмауы айтарлықтай дәрежеде кедергі келтіреді.

Осыған байланысты Көлік министрлігіне қысқа мерзімде тиісті алгоритм әзірлеуге және көліктік бақылаудың автоматтандырылған жүйелерін басқа бақылаушы органдармен интеграциялаудың «ауыр» проблемаларын шешуге мүмкіндік беретін шаралар кешенін қабылдау тапсырылды.

Еліміздің жолдарында автокөліктердің салмақтық және габариттік параметрлерінің асып кетуін белгілеуге арналған электрондық өлшеу құрылғыларының жұмысы бойынша елеулі кемшіліктер айтылды. 10 жыл ішінде олардың жұмысы реттелмеген. Салдарынан 800 мыңнан астам көлік автоматты түрде бақылаусыз қалады, ал мемлекет жолдарды жөндеуге миллиардтаған шығын келтіреді.

Осы себепті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне көлік инспекторлары тарапынан ықтимал сыбайлас жемқорлық көріністерінің жолын кесуге бағытталған алдын алу шараларын әзірлеу ұсынылды. Сондай-ақ, бейінді министрлік үшін басым міндеттердің қатарына отандық тасымалдаушыларға жүктерді халықаралық тасымалдауға шетелдік рұқсаттар беру бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру айқындалды.

Көлік прокурорларының іріктеп тексеру нәтижелері бойынша ғана осындай рұқсат құжаттарын заңсыз берудің 400-ден астам фактілері анықталды.

Сондықтан Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне көліктік бақылау органдарының мемлекеттік қызметтер көрсетуінің заңдылығына толыққанды талдау және тексеру жүргізу ұсынылды.

Осы және басқа да тапсырмалар бойынша орындаудың нақты мерзімдері айқындалды. Оларды іске асыру барысын уйлестіру кеңесінің хатшылығы бақылайтын болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама