Израиль мен ХАМАС арасында уақытша келісім басталды
Төрт күнде 200 адам босатылуы керек
Израиль мен ХАМАС атысты тоқтату режимін бастады, деп хабарлады DW.
Израиль мен ХАМАС ұйымы арасындағы төрт күндік гуманитарлық келісім таңғы сағат 7.00-де (Астана уақытымен сағат 11.00-де) күшіне енді.
Ол Газа секторының солтүстігі мен оңтүстігінде жан-жақты атысты тоқтатуды, содан кейін кепілге алынған 240-тан астам адамның үштен бірін босатуды көздейді.
Осы уақыт ішінде кепілге алынған израильдік 50 және палестиналық 150 тұтқын – әйелдер мен кәмелетке толмағандар босатылуы керек.
Бітімге Катар делдал болып отыр. Келісімге сәйкес, ХАМАС ұйымы кепілге алған алғашқы 13 адам жергілікті уақыт бойынша сағат 16.00-де (Астана уақытымен сағат 20.00-де) босатылады. Израиль кепілге алынғандардың аты-жөнінің тізімін алғанын растады.
Катардың сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Маджед әл-Ансаридің айтуынша, төрт күнде 50 адам босатылады. Кепілге алынғандардың кем дегенде 35-і балалар, олардың 18-і ХАМАС шабуыл жасаған кезде 10 жаста немесе одан кіші болған.