Азаматтық авиация комитеті төрағасының міндетін атқарушы қытайлық әуе компанияларының өкілдерімен кездесті
Азаматтық авиация комитетімен президенттің елдің транзиттік әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында комитет төрағасының міндетін атқарушы Тимур Тілегенов Қазақстан Республикасына тұрақты қытайлық Air China, China Southern Airlines және Loong Airlines әуе компанияларының өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кездесу барысында China Southern Airlines әуекомпаниясы 2024 жылғы 23 қаңтардан бастап аптасына 3 рейс жиілігімен Алматы – Бейжің бағыты бойынша рейстер ашуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Сонымен қатар сұраныс артқан кезде China Southern Airlines әуекомпаниясы Алматы қаласынан Үрімші және Сиань қалаларына, сондай-ақ Астана қаласынан Үрімші қаласына 2024 жылдың көктемгі-жазғы маусымынан бастап қолданыстағы бағыттар бойынша рейстер санын ұлғайту мүмкіндігін қарастыруға дайын.
Өз кезегінде Loong Airlines әуекомпаниясы биыл желтоқсанда Алматы – Ханчжоу бағыты бойынша орындалатын рейстер санын аптасына 3 рейстен 4 рейске дейін арттыруды жоспарлап отыр. Келесі жылы жолаушылар ағыны артқан жағдайда әуе компаниясы рейстер санын аптасына 7-ге дейін арттыруды көздеп отыр.
Сондай-ақ әуекомпаниясы 2024 жылы Астана – Ханчжоу, Астана – Ченду және Алматы – Ченду әуе бағыттары бойынша рейстерді ашу мәселесін пысықтап жатыр. Air China әуекомпаниясы да Астана – Сиань – Бейжің бағыты бойынша орындалатын рейстер санын аптасына 2-ден 3-ке дейін ұлғайту мәселесін қарастырып жатқанын хабарлады. Бұл ретте әуекомпаниясы Сиань қаласына қонбай, екі астана арасында аптасына үшінші рейсті тікелей орындау мәселесін де қарастыратын болады.
Жалпы 2024 жылғы көктем-жаз навигация кезеңінде екі ел арасындағы рейстер саны қолданыстағы және жаңа әуе бағыттары бойынша аптасына 30 рейске дейін артады деп күтіледі.