«Соңғы ойыным...»: Месси жарақат алып қалды

Дастан Жұмабекұлы

Шабуылшы Бразилиямен матчта 78-минутта басқа ойыншымен орын ауысты

Фото: Buda Mendes

Футболдан Аргентина құрамасының шабуылшысы Лионель Месси жарақат алып қалды. Ол 2026 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирінде Бразилия командасына қарсы матчта шатының бұлшық етін созып алғанын айтты.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Бұл менің биылдыққа соңғы ойыным еді. Сондықтан қалпыма келуге әлі уақытым бар. 2024 жылды жақсы бастап, барымды саламын. Жарақат деген, әрине, жақсы емес. Бірақ келесі маусымға дайындалу үшін емделу керек, – деді Месси. 

Ол Бразилиямен матчта 78-минутта басқа ойыншымен орын ауысты. Шабуылшы бірінші таймда-ақ жарақат алып қалған. Матчта Аргентина Бразилия құрамасын сырт алаңда 1:0 есебімен жеңді. Жалғыз голды 64-минутта Николас Отаменди салды.

Бұл матчта екі команда да жан алысып, жан берісіп ойнады. Ал ойынның соңында жанкүйерлер арасында төбелес болды. Бразилия полициясы жанкүйерлерді ажыратамын деп қонақтардың фанаттарын соққының астына алды деген дерек бар.

Қазір турнир кестесінде Аргентина 6 ойыннан кейін 15 ұпаймен жеке-дара көш бастап келеді. Одан кейінгі орынға 13 ұпаймен Уругвай командасы онрналасқан. Үшінші орында – Колумбия құрамасы. Бұл елдің командасында 6 матчтан кейін 12 ұпай бар. Ал Бразилия 7 ұпаймен 6-орында тұр.