Ақмола облысында әрбір 10-шы су қоймасы мақсатына сай пайдаланылмаған
Өңірде 400-ге жуық бекітілген су қоймасы бар
Ақмола облысының табиғат қорғау прокуратурасы бекітілген 37 су қоймасы мен кәсіпшілік учаскелерін мемлекетке қайтарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Осылайша, прокуратура жүргізген талдау арқылы бекітілген су қоймаларын пайдалану кезінде өрескел бұзушылықтар анықталды.
Балық аулау ережелері жүйелі түрде бұзылып, балық ресурстарын қорғау бойынша қорықшылық қызметтер болмаған. Сондай-ақ балық аулау жүргізілмей, мелиорациялық және бітелуге қарсы іс-шаралар мүлде назардан тыс қалды. Бұған қоса, балық аулау лимиттері ихтиофаунаны міндетті биологиялық тексерусіз бекітілді, – делінген прокуратура хабарламасында.
Қалыптасқан жағдайды түзету үшін облыс әкімдігі мен балық инспекциясына прокурорлық қадағалау актілері жіберілді. Сотқа дейінгі жұмыстар мен сот талқылауларының нәтижесінде бұзушылықтарды жою туралы 73 хабарлама мен ұсынымдар берілді.
Бекітілген 397 су қоймасы мен кәсіпшілік учаскелерінің 37-сі мемлекетке қайтарылды. Яғни, әрбір 10 су қоймасы өз мақсатына сай пайдаланылмаған.
Қазір жосықсыз пайдаланушылармен балық шаруашылығын жүргізуге арналған шарттарды бұзу туралы 2 талап сотта қаралып жатыр.