Қазақстанда білім алып жүрген шетелдік студенттердің қатары 30 мыңға жетті

Алиакпар Қадырбаев

Жалпы, білім алушылардың басым бөлігі ТМД елдерінен келген

көрнекі фото: inform.kz

Қазақстандық жоғары оқу орындарында оқитын шетелдік студенттердің саны 30 мыңға жетті. Оның ішінде АҚШ, Африка, Ресей және Таяу Шығыс елдерінен келген студенттер саны артқан. Жалпы, білім алушылардың басым бөлігі (64%) ТМД елдерінен келген.

Одан бөлек, Қазақстанда шетелдік азаматтар үшін стипендиялық бағдарлама бар. Оны ҚР Білім және ғылым министрлігі 2019 жылы іске қосты. Бағдарлама шеңберінде шетелдік студенттер үшін, оның ішінде ҚР азаматтары емес - ұлты қазақтарға гранттар бөлу қарастырылған. Стипендиялық бағдарлама іске қосылған алғашқы жылы конкурс бойынша үлгерімі жоғары 89 шетелдік азамат қазақстандық ЖОО-ларда тегін оқу мүмкіндігіне ие болды.

БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, шетелдік студенттер негізінен медицина, педагогикалық ғылымдар, «бизнес, басқару және құқық», әлеуметтік ғылымдар сияқты бағыттарды таңдайды екен.

Сондай-ақ Қазақстанда жылдан жылға халықаралық білім беру кеңістігін нығайтып келе жатқан ЖОО-лар да бар: QS рейтингіне 14 қазақстандық ЖОО, Times Higher Education рейтингіне 3 университет кірді.