×

ШҚО-да 690 млн теңгенің жер учаскелері мемлекетке қайтарылды

Прокуратура жер заңнамасы нормаларының сақталуына талдау жүргізді

 Динара Амантай 24.11.2023 | 09:30
Фото: Zakon.kz

Жыл басынан бері ШҚО прокуратура органдары мемлекет меншігіне құны 690 млн теңге болатын 40 мың гектар 119 жер учаскесін, оның ішінде 430 млн теңгеден асатын жалпы ауданы 37 мың гектар пайдаланылмаған 101 жайылым учаскесін қайтарды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Самар ауданының прокуратурасы ШҚО Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жер заңнамасы нормаларының сақталуына талдау жүргізген. Жергілікті атқарушы органның биыл жеке және заңды тұлғаларға жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру бойынша 16 конкурсты өткізбегені анықталды.

Аудан прокуратурасының қадағалау актісі бойынша көрсетілген бұзушылықтар үшін әкімдіктің жер қатынастары бөлімінің басшысы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 137-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Самар аудандық сотының 2023 жылғы 27 қазандағы қаулысымен оған 1,1 миллион теңге айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды (қаулы заңды күшіне енген жоқ), – делінген прокуратура хабарламасында.

Азаматтар мен заңды тұлғалардың бұзылған құқығын қалпына келтіру мақсатында прокуратураның араласуынан кейін осы жылдың 31 қазанында аудан әкімдігі жер пайдалану құқығын беру бойынша конкурстық рәсімдерді өткізу туралы хабарлама жолдады.

Глубокое ауданы прокуратурасының тексеруімен аудан аумағында 42 мың гектар жердің жайылым мақсатында пайдаланылмайтыны анықталды. Осыған байланысты Глубокое ауданы әкімінің атына қадағалау актісі енгізілді. Бүгінде мемлекетке жалпы ауданы 600 гектар және құны 4,8 млн теңге болатын 10 жер учаскесі қайтарылды.

Пайдаланылмайтын жерлерді қайтару жұмыстары жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама