«Үш күн ғана күттім»: арзан автонесие бойынша алғашқы тұтынушы көлік алды (ВИДЕО)
Елорда тұрғыны оны 6,5 млн теңгеге 4 пайызбен алғанын айтты
Бүгін елорда тұрғыны Бекзат Тілеген жеңілдетілген автонесие бойынша алғашқы көлікті алды. Ол 6,5 млн теңгеге 4 пайызбен көлік алғанын айтты.
16 мамырда автокөлікке тапсырыс бердік. Бізге менеджер төлемақының есепшотын берді. Сосын банке барып, үш күн жауабын күттік. Содан кейін автосалонның менеджері хабарласып, рәсімдеуге шақырды, - деді ол.
Жеңілдетілген автонесиеге өтінім қабылдау 16 мамырда басталған болатын. Тұрғындардың өтінішін екінші деңгейлі үш банк қабылдап жатыр.
Осыған дейін жеңілдетілген автонесие алуға 4 290 азамат ниет білдіріп, олардың өтініші мақұлданды.
Жеңілдетілген автокредит алу шарттары:
- сыйақы мөлшерлемесі: 4 пайыз
- несие сомасы: 10 миллион теңгеден аспайды
- қаржыландыру мерзімі: 7 жылдан аспайды
- бастапқы жарна: 0 пайыздан бастап
- көлік құны: 15 миллион теңгеден аспайды.
Сондай-ақ қарыз алушы екі жылдың ішінде бір реттен артық автокредит ала алмайды. Халықтың әлеуметтік осал топтарындағы азаматтарға автокредит алуға басымдық беріледі.