Ол өз кінәсін мойындамады
Павлодарда мас күйде адам өлтірді деген күдіктіге сот үкімі шықты, деп хабарлады облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Сотта Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қаралды.
2021 жылғы қарашада қалалық моншалардың бірінде мас тұрғын ер адамның кеуде тұсына пышақ сұғып алған. Көп қан жоғалту салдарынан жәбірленуші көз жұмған, – деп жазылған сот таратқан хабарламада.
Қылмыстық кодекс бойынша айыпталушының әрекеті аса ауыр қылмыс болып саналады, ол үшін 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Прокурор мен жәбірленушілер айыпталушыға қатаң жаза тағайындап, оны бас бостандығынан айыруды сұрады.
Бірақ айыпталушы қорғанғанын айтып, кінәсін мойындамады.
Сот ауырлататын және жеңілдететін мән-жайды ескеріп, ер адамды 10 жылға бас бостандығынан айырды, - деп жазылған сот таратқан хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.