×

Нашар білім беретін әскери кафедраларды жабу қажет - Аймағамбетов

Олардың сыбайлас жемқорлық тәуекелдері алаңдатады

 Еркеғали Болатұлы 20.05.2022 | 13:45
фото: ашық дереккөз

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі парақшасында университеттердегі әскери кафедраларды оңтайландырып, қайта қарауды ұсынды.

Оның айтуынша, мерзімді әскери қызметін өтеп жүргендердің білім алуға мүмкіндіктері аса көп емес. Сол себепті, олар үшін жаппай онлайн курстар ашу жоспарланған. Сондай-ақ министрлік сарбаздардың оқу нәтижелерін қайта тексеруге және қысқа мерзімді курстардан өтіп, біліктілік емтиханын тапсырып, жұмысшы мамандығын алғаны туралы диплом беруге дайын.

Университеттердегі әскери кафедраларды оңтайландырып, қайта қарауды ұсынамыз. Бізді олардың жұмысының сапасы мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдері алаңдатады. Студенттерге нашар білім беріп, сапаны көтеруді ойламайтын әскери кафедраларды жабу қажет деп санаймыз. Сондай-ақ әскери кафедралардың барлық қызметкерін қайта аттестациядан өткізу керек, - дейді Асхат Аймағамбетов.

Оның пікірінше, оқуға қабылдаудың нақты, ашық және шынайы ережелерін қабылдаған дұрыс. Сонымен қатар, мемлекеттік тапсырыстың құнын арттыру қажет.

Бұған дейін министр әскери борышын өтеген жастардың және «Кадет» сыныбын бітірген түлектердің университетке грант алуы үшін 5% квота бөлінетінін жазған еді. Оған қоса, университет түлектері әскери қызметтен өтсе, грантты өтеуден босатылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама