«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-нің басшылығы сотталды
Олардың кесірінен қалада төтенше жағдай режимі енгізілді
Бүгін Павлодар облысы Екібастұз қалалық соты «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-нің бас директорына, «Екібастұз жылу электр орталығының» және «Екібастұз жылу желілерінің» директорларына қатысты ауыр зардаптарға әкеп соққан, қызметтеріне адал қарамау салдарынан өз міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сотта анықталғандай, жоғарыда аталған Екібастұз қаласының коммерциялық ұйымдарында басқару қызметін іске асыратын адамдар бола отырып, 2022-2023 жылдарға жылу беру кезеңіне дайындық жұмыстарының толықтығын қамтамасыз ету бойынша тиісті шаралар қабылдамаған.
Сотталушылардың абайсыз кінәсі бойынша өз міндеттеріне адал қарамау салдарынан 2022 жылғы 27 қарашада Екібастұз қаласында «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-нің жылу желілерінде апат болып, бұл ауыр зардаптарға және қалада төтенше жағдай режимін енгізуге әкеп соқтырды.
Сотталушылардың кінәсы жауап алынған куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және бас сот талқылауы барысында зерттелген өзге де дәлелдемелер жиынтығымен дәлелденді.
Сотталушылардың жеке басы мен отбасылық жағдайын, ауыр зардаптардың туындауына абайсыз кінәсін ескере отырып, сот оларға пробациялық бақылау белгілеп, мәжбүрлі еңбекке тарта отырып, әрқайсысына 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады.
Сондай-ақ сотталғандар коммерциялық ұйымдарда 3 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.