Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі қалалық комиссияның отырысы өтті
Жиында іс-шаралар жоспары қабылданды
Мегаполис басшысы Ерболат Досаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимовпен бірлесіп, аудан әкімдерінің, әкімдік басқармалары мен құқық қорғау органдары басшыларының қатысуымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі қалалық комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Отырыста мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасын іске асыру барысы қаралды. Алматының тау бөктеріндегі құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарға ықпал ететін, сондай-ақ 2019-2020 жылдары басталған қаланың проблемалық объектілерінің құрылысын аяқтауға кедергі келтіретін себептерді жоюға ерекше назар аударылды.
2023 жылдың сәуір-мамыр айлары аралығында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп, құрылыс саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізді. Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданды. Ол 50 тармақтан тұрады, оның 29-ы Алматы әкімдігіне бекітілген.
Жоғарыда аталған тармақтарды іске асыру туралы Алматы қаласының қалалық жоспарлау және сәулет, жер қатынастары, құрылыс, энергетика және сумен жабдықтау басқармаларының басшылары баяндады.
Алматыда жер бөлу және қала құрылысын дамытуды жоспарлаудағы бұзушылықтарды болдырмау үшін әкімдік қаланың цифрлық картасында ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың координаттарын белгілеу бойынша жұмыстарды бастады, жердің кадастрлық құнын төлеу бойынша цифрлық құралдар енгізіліп жатыр және т.б.
Бүгінде Алматыда тау бөктеріндегі аймақта құрылысты реттеуді қатаңдату бойынша ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр және мердігерлердің алған міндеттемелерін жосықсыз орындауы себебінен созылып жатқан, бұрын басталған проблемалық объектілердің құрылысын аяқтау үшін қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Өз кезегінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Арман Рахимов өз баяндамасында орталық мемлекеттік органдар тау бөктеріндегі аймақта құрылыс жүргізу саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша белгілі бір жұмыстар атқарғанын хабарлады. Мәселен, Парламент Мәжілісіне қала құрылысын бақылау органдарының жауапкершілігін күшейтуге мүмкіндік беретін түзетулерді қарастыратын заң жобасы енгізілді.
Сондай-ақ құрылыс пен жұмыс сапасын бақылаудың жаңа тетіктерін енгізу бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы Парламенттің қарауында жатыр.
Отырысты қорытындылай келе, Алматы әкімі Ерболат Досаев әкімдіктің жауапты бөлімшелеріне іс-шаралар жоспарының барлық тармақтары бойынша жоспарланған іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етуді және 2023 жылғы 15 желтоқсанға дейін алдын ала есептер дайындауды тапсырды. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға, жоюға, қала құрылысы, жер қатынастары және қала құрылысын бақылау салаларында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайтуға бағытталған жұмысты күшейтуді тапсырды.