Түркістандағы халықаралық форумда айтылатын мәселердің бірі – блокчейн
Түркістанда 24-25 қарашада өтетін туризм, инвестиция, экономика тақырыбындағы халықаралық форум елдегі ең мықты сарапшылар мен халықаралық беделді тұлғалардың басын қосқалы отыр. Біз жиынға қатысушылар арасында Қазақстанның блокчейн-технологиялар қауымдастығының басқарма төрағасы Дәурен Қарашевтан едіміздегі жаңа технологияның дамуы, биткойн мен оған деген халықтың сенімі турасында пікірін білдік.
Қауымдастық басшысың айтуынша, аталған жиында осы мәселені көтермек. Өйткені, қазір бүкіл әлем, оның ішінде Қазақстан да интернеттің web 3.0 түріне ауысып жатыр. Ол туралы әңгіме бастамас бұрын алдымен web 1.0 мен web 2.0 дегеннің не екенін біліп алуымыз керек.
Дәурен Қарашевтің сөзінше, web 1.0 1991-2004 жылдар аралығында қолданылды. Ол уақытта интернеттен тек жаңалықтар, ауа райы, спорт әлемі сынды ақпараттар ғана алынатын. Алайда ешбір тұтынушы өз контентін жасай алмайтын. Ал 2004 жылдан бүгінге дейін web 2.0 пайдаланып келеміз. Мұнда өз арнамызды, web сайттарымызды ашып, өнімдерімізді жасай аламыз.
Енді web 3.0-ке келсек, онда барлығы ашық жүреді. Мәселен, осыған дейінгі қолданып келген интернетте youtube сіздің өніміңізді өз қалауынша бұғаттап тастай алады. Ал жаңа интернетте олай емес. Онда сіздің өніміңіз сақталатын жер біреуге бағынышты болмайды. Өйткені, онда деректер мүлде басқаша, тізбекті блокта сақталады. Сондықтан оны бөгде біреу өзгертіп, бұғаттап немесе жойып жібере алмайды. Яғни, оның түп-төркіні осы блокчейнде жатыр, - дейді ол.
Сол блокчейннің қолданылып жатқан бір бағыты – биткойн. Блокчейннің тиімділігін көрсететін ең жарқын мысал да осы криптовалюта. Сол үшін де биткойн өте танымал әрі оған сұраныс жоғары. Ал биткойннің өзі барынша қауіпсіз әрі ашық болу үшін майнерлер күрделі алгоритмдерді шешумен айналысып келеді.
Бүгінде қандай да бір жаңа технология болмасын, интернетпен және мәліметтерді сақтайтын технологиялармен етене жұмыс істейді. Осы орайда, Дәурен Қарашевтің сөзінше, web 3.0 заманның жаңа интернеті болса, блокчейн деректерді сақтаудың жаңа түрі. Егер бұрындары деректің бәрін бір компьютерде сақтап келсек, блокчейн ол мәліметті бірнеше блокта сақтайды.
Ендеше биткойн блокчейнінің қалай жұмыс істейтініне келейік. Онда әр биткойнның қайдан келгені, яғни, кімнің кімге қанша биткойн аударғаны көрініп тұрады. Бұдан артық мәлімет болмайды. Әркім өз қоржынында қанша биткойн болғанын көріп отырса, онысы сәт сайын артып жатса, бәрі де қуанады. Ол сол криптовалютаға деген сенімді арттыра түседі. Қарапайым ақша да сол сияқты. Әмиянды ашқанда ішінде қомақты қаражат тұрса ол адамға едәуір жағымды әсер береді. Биткойнда да сол, - дейді сала өкілі.
Оның айтуынша, жалпы, фиат ақша деген де сол қарапайым сенімнен шығады. Айталық, fiat сөзі италиян тіліне аударғанда «солай болғай» деген мағына береді. Яғни, ақшаның өзінің түбі сенімге арқа сүйейді. Оның тіпті, алтын-валюта қорына тәуелділігі де аса маңызды емес. Себебі ат басындай алтынға бір тілім нан ала алмасаңыз, аштан өлесіз. Демек, мұндайда алтынның да құны жоқ. Тек жұрт мұндай жағдайларға бас қатырмастан алтын мен ақшаға айырбас құралы ретінде сенім артып қойған.
Енді биткойн да осындай құқыққа ие болатын жағдайда тұрғанын айтады. Бүгінде оған Tesla сынды ірі корпорация, Илон Масктің өзі, Тим Дрейпер сынды тұлғалар сеніп отыр. Сондықтан процесс басталып кеткен, енді оны ешкім тоқтата алмайды. Ал бұл криптовалютаның қаншалықты ашық екеніне, еш инфляция, девальвацияға ұшырамайтынына көз жеткізу үшін мына мысалға назар аудару керек.
Айта кетейік, биткойн транзакцияларының бүкіл тізбегін «нода» дейді. Қазір сол нодаларды Илон Маск секілді беделді тұлғаларға дейін сақтап отыр. Егер біреу өзіне қосымша биткойн жасап алатын болса, нода тізбегін өзгерту керек болады. Ал ондай нодалар әлем бойынша сақтаулы, демек бәріне көрініп тұр. Мәселен, Илон Маск тізбекті өзгертіп өзіне қосымша биткойн жазып алатын болса, транзакциялар тізбегінің тарихы басқаларда да бар, сондықтан оның жалған екені анықталып қалады. Сонысы үшін де ол орталықсыздандырылмаған қаржы деп аталады.
Қазір ғой, ерінбегеннің бәрі майнерлерді сынап-мінеуге машық. Алайда майнерлерсіз биткойнға сенім жоқ. Қазір биткойнға әлем кәдімгі ақшаға қарағанда әлдеқайға көп сенеді. Себебі, АҚШ экономикасы құлдыраса, доллар әп сәтте құнсызданып шыға келуі мүмкін. Ал биткойнда ондай жоқ. Ол бір АҚШ-қа немесе басқа елге тәуелді емес. Ол ортақ шешімге келген әлем халқына тәуелді, - дейді Дәурен Қарашев.
Қауымдастық басшысы биткойн өндірудің энергияны көп жұтатынын, экологияға зиян тигізетінін мойындайды. Алайда ол әлдеқайда ашық, таза алгоритммен жасалған әрі жұрт оған сенетінін алға тартады. Ендеше қазіргі тығырықтан шығу үшін майнингті экономикаға үйлестіру керек екенін айтып отыр.
Оның үстіне, биткойн мен оны өндіру 2145 жылға дейін өте маңызды болып қала береді. Фиат ақшалар арасында доллар қаншалықты танымал болса, биткойн да сондай беделді цифрлық актив. Сондықтан биткойн өндірілетін, сатылатын жер нағыз инвестиция мен технология тартатын, сондай-ақ блокчейн мен web 3.0-тің өзге де бағыттарын дамытатын орталық болуы мүмкін.