Тәліптер Ауғанстан әйелдерінің телеарнада бетін жауып отыруын міндеттеді
Бұл өзгерісті сақтамаудың салдары қандай болатыны белгісіз
Ауғанстандағы тәліптер билігі телекомпаниялардан жергілікті арналардағы жүргізуші әйелдердің эфир кезінде беттерін жабуын қамтамасыз етуді сұрады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл туралы Талибан (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) Мораль және ізгілік министрлігінің баспасөз хатшысы Акиф Махажар мәлімдеген.
Кеше БАҚ өкілдерімен кездестік. Олар біздің кеңесімізді қуана қабылдады, - депті ол.
Ауғанстанның барлық ақпарат құралдарына қатысты бұл бұйрық «қорытынды және талқылауға жатпайды» екен.
Жаңа талап ертең, яғни 21 мамырдан бастап күшіне енетін болды. Алайда бұл өзгерісті сақтамаудың салдары қандай болатыны әзірге белгісіз.
Кейін желіде ауғандық жүргізуші әйелдердің суреттері пайда бола бастады. Мысалы, Shamshad жеке жаңалықтар арнасы жүргізушінің бағдарламаны жүргізу барысында бетін жауып алған суретін жариялады.