Камчы Кольбаев тұтқындау кезінде қаза тапқан болатын
Қырғыз Республикасында Камчы Кольбаевтың 720 пәтері мемлекет меншігіне берілді. Бұл туралы Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі мемлекеттік агенттігі директорының бірінші орынбасары Медер Мәшиев айтты, деп хабарлады 24.kg сайты.
Қырғызстан шенеунігі пәтерлердің бәрі ерікті түрде берілгенін атап өтті. Бұл үйлердің барлығы қылмыс әлемінің серкесі Камчы Кольбаевқа тиесілі болған.
Медер Мәшиевтің айтуынша, Камчы Кольбаевтың 38 жылжымайтын мүлкі де мемлекет меншігіне өткен. Оның ішінде ғимараттар мен жер телімдері, 15 акция мен кәсіпкерлік субъектілерінің жарғылық капиталындағы үлестері, сондай-ақ 356 көлігі бар.
Еске сала кетсек, қылмыс әлемінің серкесі Камчы Кольбаев тұтқындау кезінде қаза тапқан болатын. Осы оқиғадан кейін Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев қылмыс әлемі серкесінің 820-дан астам пәтері бар екенін, олар мемлекеттік ипотека арқылы халыққа берілетінін айтқан.