Сондай-ақ ауданда «Мектеп автобусы» бағдарламасы іске асырылып жатыр
Оқушы орындарының тапшылығын төмендету үшін Алматының Жетісу ауданында үш мектепте 800 оқушы орнына қосымша ғимараттар салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Жетісу ауданының әкімі Гүлнар Көкебаева Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты, деп хабарлады Halyq Uni.
Құлагер шағын ауданындағы №148 мектепке 300 орынды қосымша құрылыс аяқталды. Қазір мердігер ұйым нысанды тапсыру процесін жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, биыл маусымда 200 орынды №103 және 300 орынды №112 мектептерге қосымша құрылыс жұмыстары басталды. Осы объектілердің аяқталу мерзімі – 2024 жылғы тамыз. Сонымен қатар, тамызда №101 мектепке 312 орындық акт залының қосымша құрылысы аяқталды. Ал қарашаның басында №80 мектепті сейсмикалық күшейтумен күрделі жөндеу аяқталды, – деді Гүлнара Көкебаева.
Сондай-ақ ол ауданда «Мектеп автобусы» бағдарламасы іске асырылып жатқанын, оның аясында 5 мектептен 1 мың 722 оқушыны жайлы автобустармен тасымалдау қамтамасыз етілгенін атап өтті.
Ал Айнабұлақ шағын ауданының мемлекеттік балабақшаларында орын тапшылығын төмендету мақсатында өткен жылдың мамырында қолданыстағы құрылысты бұза отырып, 160 орындық жаңа балабақшаның құрылыс жұмыстары басталған. Бүгінде балабақшаның құрылысы аяқталып, нысанды тапсыру процесі жүріп жатыр.
Бұдан басқа, Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында жылдың соңына дейін Боткин көшесі, 16 үй мекенжайы бойынша жастар комьюнити-орталығын іске қосу жоспарланған.