Баспана кезегіндегі 232 мың адам тізімнен шығарылады
«Отбасы банк» екінші деңгейлі банктер қатарынан шығуы мүмкін. Осылайша, мұқтаж қазақстандықтарға баспана беру тәртібі өзгереді. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр.
Министрдің айуынша, аталған заң жобасы президенттің тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.
«Құжат 2021 жылдың 31 желтоқсанында Мәжіліс қарауына енгізілді. Бүгінде қолданыстағы заңнама бойынша жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй есебіне қою және оны жүргізу, сондай-ақ тұрғын үйді бөлу және беру бойынша функцияларды жүзеге асырады. Заң жобасы шеңберінде бұл функцияларды «Отбасы банкке» беру ұсынылған. Бұл ретте азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде қалады. Оны тұрғын үй салу және сатып алу арқылы іске асырады», - деді Қанат Шарлапаев.
Осыған байланысты «Отбасы банкті» ұлттық даму институтына айналдыру көзделіп отыр. Банк функцияларды орталықтандырылған түрде іске асырады.
«Отбасы банкке» аталған функцияларды беруді ескеріп, оны екінші деңгейлі банктер жүйесінен шығару көзделген. Сәйкесінше, Отбасы банк банктік және басқа да операцияларды тиісті лицензиясыз іске асырады, - деді министр.
Бұл ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттігі және Ұлттық банк «Отбасы банкке» қатысты төмендегідей қадағалау функцияларын сақтайды:
«Отбасы банкін екінші деңгейдегі банктер жүйесінен шығару қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны депозиттерге кепілдік беру жүйесінен шығаруға әкеледі. Осыған байланысты, «Отбасы банкте» орналастырылған азаматтардың салымдарына мемлекетпен кепілдік беру ұсынылып отыр (Үкімет айқындайтын мөлшерде және тәртіпте «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ-ға ұқсас)», - деді ведомство басшысы.
Қанат Шарлапаевтың айтуынша, жаңа механизмдерге сәйкес, жергілікті атқарушы органдардағы бөлек тізімдер (646 мың адам) «Отбасы банкке» өзгеріссіз беріледі. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың базасына есепке қою тоқтатылады.
«Отбасы банк» базасында Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы құрылады. Оған қандай да бір санатқа жататындығына қарамастан тұрғын үйге мұқтаж барлық азамат тұра алады.
Әрбір өтінім үшін кірісті, мүлік пен активті анықтайтын отбасының цифрлық портреті жасалады. Бұл азаматтың отбасылық жағдайының барлық сипаттамасын анықтауға мүмкіндік береді, - деді министр.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған бірыңғай ақпараттық база болып саналады.
Осы орталықты құру «бір терезе» қағидатын пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл қағидат тұрғын үйге мұқтажын растау, кезекке тұру, одан кейін ипотека алу үшін банкке бару сияқты бірнеше инстанцияға жүгінудің қажетін жояды.
Бұған қоса ұсынылып отырған жаңа модельге сәйкес тұрғын үйді бөлу азаматтардың есепке тұрған күніне және табыс деңгейіне байланысты іске асырылады. Осылайша, тұрғын үйді, есепке тұрған күніне байланысты бөлу, барлық мұқтаж азаматты әділ түрде қамтуға мүмкіндік береді, - деді Қанат Шарлапаев.
Сондай-ақ табыс деңгейіне байланысты қазақстандықтардың жалдау ақысын субсидиялау, арендалық тұрғын үй немесе жеңілдетілген ипотекалық қарыз (жылдық мөлшерлеменің 2-5% мөлшерінде) түрінде мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.
Бұған қоса, азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою кезінде негізгі талаптардың бірі: олардың меншігінде баспана болмауы керек.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезекке тұру үшін соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйі болмауы қажет.
Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тәсілдеріне байланысты, кезекке жаңадан тұратын азаматтар үшін осы мерзімді 10 жылға дейін ұлғайту көзделген, - деді министр.
Сондай-ақ баспана беруде ашықтықты қамтамасыз ету үшін «Отбасы банктің» интернет-ресурсында тізімдер жарияланады.
Бұған қоса тоқсан сайын 1 рет инвентаризация жүргізіледі. Бүгінде қолдаңыстағы заңнамаға сәйкес инвентаризация жұмыстарын әкімдіктер жылына 1 рет жасайды.
Қазір министрлік Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігімен бірлесіп, кезекте тұрған азаматтарды заңнама талаптарына сәйкестігі бойынша талдау жасады. Алдын ала мәліметтерге сәйкес 646 мың кезекте тұрған азаматтан 232 мыңы кезектен шығарылады.
Бұл бұрын жергілікті атқарушы органдармен осы жұмыс тиімсіз түрде жүргізілгенін көрсетеді, - деді министр.
Қанат Шарлапаев бүгінде әкімдіктер министрлікпен бірге осы бағыттағы жұмыстарды бастап кеткен.
Биыл 1 тамызынан осы күнге дейін баспана кезегінде тұрған 21 607 адам кезектен шығарылған.
Заң жобасы Мәжілісте талқыланып жатыр.