Halyq Uni логотип
×

Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін 300 вагон жетіспейді

Бүгінде пойыз билетінің орташа бағасы – 8 мың теңге

 Дәурен Ерболат 21.11.2023 | 10:32
Жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін 300 вагон жетіспейді
фото: azattyq-ruhy.kz

Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстанда жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін 300 вагон жетіспейтінін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрдің айтуынша, қазір жолаушыларды тасымалдайтын 66 облысаралық маршрут жұмыс істеп жатыр. Бұл бағыттарда 13 тасымалдаушы қызмет көрсетеді. 

Облыстардың бөлінуіне байланысты биыл қала маңындағы бағдардан 2 жаңа облысаралық бағыт (Алматы – Қонаев, Қарағанды – Жезқазған) құрылды. Жалпы жолаушыларды тасымалдау республикалық бюджеттен субсидияланады. Бұл шаралар халықтың барлық тобы үшін жол жүру құжаттарының қолжетімді бағасын қамтамасыз етуге бағытталған. Бүгінде пойыз билеті бағасының орташа құны – 8 мың теңге, - деді Марат Қарабаев Үкімет отырысында. 

Оның айтуынша, жолаушыларға сапалы қызмет көрсету үшін жаңа вагондар сатып алу керек.

Жолаушылар вагондарының паркі – 2 567. Тасымалдауға сұраныстың жоғары кезінде шамамен 300 вагон тапшылығы байқалады. Осыған байланысты және халықты тасымалдауға қолайлы жағдайлар жасау үшін жаңа заманауи жолаушылар вагондарын сатып алу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл 162 жаңа вагон сатып алынды. Оның ішінде 76 вагон пайдалануға берілді, 24 вагон пайдалануға жыл соңына дейін беріледі. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында қалған 62 вагон жеткізіледі, - деді министр.

Марат Қарабаев жолаушылар вагоны негізінен Петропавл қаласындағы вагон шығару зауытында өндірілетінін атап өтті.

«2029 жылға дейін отандық зауыттардан 844 жолаушылар вагонын сатып алу жоспарланып отыр. Оның ішінде «ЗИКСТО» зауытымен 307 және «Штадлер Қазақстан» компаниясымен 537 жолаушылар вагонын сатып алуға келісімшарт жасалып жатыр. «ЗИКСТО» зауытының вагондары 2025 жылға дейін жеткізіледі. «Штадлер Қазақстан» компаниясының вагондарын пайдалануға беру 2025-2029 жылдар кезеңінде іске асырылады. Аталған отандық компаниялар локализациялау деңгейін жылдан жылға арттырып, ең кемінде 35%-ға дейін жеткіземіз», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама