Президенттің стратегиялық бағдары қоғамның барлық саласын реформалауға бағытталған – Ерлан Қарин
Саяси-экономикалық реформалармен қатар әлеуметтік-гуманитарлық салада да маңызды реформалар жүзеге асты
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин ҚР президентінің «Әділетті Қазақстан: бәріміз және әрқайсымыз үшін. Қазір және әрдайым» сайлауалды бағдарламасын ұсынғанына бір жыл толуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Ол Мемлекет басшысы 2019 жылы жүзеге асыра бастаған ауқымды әрі жан-жақты реформалар қайта сайланғаннан кейін де дәйекті түрде жалғасын тапқанын атап өтті.
Осыдан бір жыл бұрын өткен кезектен тыс президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевқа сайлаушылардың 80 пайызы дауыс берді. Бұл көрсеткіш халықтың Президентке деген сенімі жоғары екенін айқын аңғартты.
Мемлекет басшысы 2019 жылы жүзеге асыра бастаған ауқымды әрі жан-жақты реформалар ол қайта сайланғаннан кейін де дәйекті түрде жалғасын тапты. Президент сайлауы жаңа саяси науқандар кезеңіне жол ашты. Соның нәтижесінде Парламенттің қос палатасының және мәслихаттың сайлауы өтіп, олардың құрамы едәуір жаңарды.
Үш апта бұрын Қазақстанда алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы болды. Осылайша, еліміздің саяси жүйесін демократиялық жолмен өзгерту үдерісі үздіксіз жалғасып келеді, - деді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағдары Қазақстан қоғамының барлық саласын қанаттастыра реформалауға бағытталған.
Сондықтан Президент өзінің қыркүйектегі Жолдауында еліміздің жаңа экономикалық моделге көшетінін жариялады. Бұл қадам экономиканы одан әрі монополиясыздандыру мен әртараптандыруды, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын, көлік пен логистиканы, қаржы саласын дамытуды, шағын және орта бизнеске жүйелі қолдау көрсетуді көздейді. Саяси және экономикалық реформалармен қатар әлеуметтік-гуманитарлық салада да маңызды реформалар жүзеге асырылады. Ондағы мақсат – білім беру, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, - деді Мемлекеттік кеңесші.
Ерлан Қарин Президенттің сайлау алдындағы тұғырнамасында айтылған басты бастамалар биыл жүзеге асырыла бастағанын айтты.
Оның қатарында «Ұлттық қор – балаларға» жобасы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, заңсыз жолмен алынған және шетелге шығарылған активтерді елге қайтару сияқты бастамалар бар. Жалпы, Президент стратегиясының барлық бағыты – саясат, экономика және идеология үшеуі біріккенде елімізді жүйелі түрде жаңғыртуды көздейтін біртұтас бағдарламаны құрайды», - деді Мемлекеттік кеңесші.