Полицейлер қызметтің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды
Операцияның негізгі бағыты – қоғамдық тәртіпті сақтауды және көшелердегі профилактиканы күшейту
Қарашаның соңғы он күндігінде полиция қызметкерлері қызметтің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, саяжайларда, құрылыс нысандарында, базарларда, шаруа қожалықтарында, жалдамалы пәтерлерде, шалғай жерлерде тексеру жүргізіледі. Алкогольді ішімдік ішу, қоғамдық орындарда мас күйде жүру, белгіленбеген жерлерде темекі шегу, ұсақ бұзақылық жасау, ортақ пайдалану орындарын ластау, тыныштықты бұзу, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтарға жол беру сынды құқықбұзушылықтарға «мүлде төзбеушілік» қағидаты қолданылады.
Қорғау нұсқамасы шығарылған, мінез-құлқына ерекше талаптар қойылған, ІІО есебіне алынған адамдар, маскүнемдер, нашақорлар, қолайсыз отбасылар арасында құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша рейдтер жүргізіледі.
Сонымен қатар жол жүрісі қозғалысы мәселесіне бақылау күшейтілді. Стихиялық қоқыс орындарын және олардың шығу көздерін анықтау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Іс-шара жергілікті атқарушы органдармен, AMANAT партиясының өңірлік филиалдарымен, үкіметтік емес ұйымдардың, жастар қозғалыстарының және БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл аясында өткізіледі.
Операцияның негізгі бағыты – қоғамдық тәртіпті сақтауды және көшелердегі профилактиканы күшейту.
Әр қызметкер заң атынан нақты әрекет етуі керек. Азаматтармен сыпайы болуды ұмытпау қажет. Заң бәріне бірдей, – деп атап өтті Ішкі істер министрі Ержан Саденов.