Газа секторында 50-ге жуық журналист қаза тапты
Палестинаның 43, Израильдің 4 және Ливанның бір азаматы оққа ұшқан
Журналистерді қорғау комитетінің мәліметіне қарағанда, Палестина автономиясының Газа секторындағы ХАМАС тобы Израильге шабуыл жасаған кезде 6 журналист қаза тапқан. 18 қарашада тағы 5 журналист мерт болған.
Ұйымға сілтеме жасаған dw.com-ның хабарлауынша, қаза тапқан 48 журналист пен БАҚ қызметкерлерінің арасында Палестинаның 43, Израильдің 4 және Ливанның 1 азаматы бар. 9 журналист жараланып, үшеуі хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. 13 адам қамауға алынған.
Журналистерді қорғау комитетінің Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкадағы қызметін үйлестіруші Шериф Мансурдың айтуынша, БАҚ өкілдері соғыс кезінде екі жақтың құрбанына айналмауы керек. Олар – соғысты шынайы көрсетіп, өз міндетін атқаратын адамдар. Солай болғанымен, 48 журнлистің қаза тапқаны аймақтағы жағдайдың күн сайын ушығып, шырқау шегіне жеткенін көрсетеді.