Halyq Uni логотип
×

Қазақстанда блокчейнді дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға болады

Логистика бойынша дәстүрлі индустрияға қарағанда цифрлық майнингтің, блокчейннің қауіп-қатері жоқ

 Халық үні 19.05.2022 | 17:52
Қазақстанда блокчейнді дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға болады
Исламбек Салжанов, фото: AuditoriumQZ

Ресейге қарсы салынған санкциялар қазіргі уақытта әлемдік нарықта цифрлық майнингтің, блокчейннің бәсекеге қабілетті екенін, сұранысқа ие екенін айқындап берді. Бұл туралы Қазақстан блокчейн-технологиялар ассоциациясының басшысы Исламбек Салжанов AuditoriumQZ youtube-арнасында Досым Сәтпаевқа берген сұқбатында айтты.

Исламбек Салжанов әңгіме барысында цифрлық майнинг – блокчейн технологиясының, цифрлық индустрияның бір бағыты екенін айта келе, оны дамыту арқылы жекелеген майнинг фермаларынан бөлек, ұлттық немесе жеке майнинг пулдарын (топтасқан майнинг) құруға болатынын айтты. Бұған қоса ондаған, жүздеген криптобиржалар құрып, ол жерде тек қазақстандықтар ғана емес, көрші мемлекеттер де сауда жасауға мүмкіндік жасауға болады. Қытай, Үндістан секілді елдер бірде-бір кВт электр қуатын тұтынбай-ақ миллиардтаған салық төлеуге дайын екен. 

Қауымдастық басшысының пікірінше, елімізде цифрлық индустрияны дамыту арқылы бірқатар жаңа салалардың жұмыс істеуіне жол ашуға болады. Нақты айта келе, ыстық және суық әмияндарды жасауға мүмкін болады. Сонымен қатар майнинг машиналарын сатуға арналған дүкендер желісін, оларды сақтауға арналған қоймаларды құруға болады. Оларды тасымалдайтын көлік-логистикалық компаниялар ашып, сервис орталықтарын құруға да мүмкіндік туады.

«Ресейге қатысты санкциялар басталған кезде еліміздің бірқатар компанияларында логистика жағынан мәселе туындап, жұмыстары тоқтап қалды. Аймақтық жағынан бұл біздің ел үшін үлкен мәселе болды. Дәл осы жағдайда біздің ассоциацияның жаңа индустрия газ құбырларына, жалпы құбырларға, электр желілеріне, теміржолдарға, тіпті ешнәрсеге де тәуелсіз екеніне көзі жетті», – деді Исламбек Салжанов. 

Оның ойынша, бұл ретте логистика бойынша дәстүрлі индустрияға қарағанда цифрлық майнингтің, блокчейннің қауіп-қатері жоқ. Қайта ол мұндай жағдайда өзінің бәсекеге қабілетті екенін, көбірек сұранысқа ие екендігін көрсетіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама