Бұл жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды
Әлеуметтік желіде «Челябі – Новосібір» тасжолының бойында (СҚО – авт.) Чистое ауылының тұсында тұрған сау тамтығы қалмаған, жүргізуші жағындағы есігінде екі жерден оқ тесіп өткен мемлекеттік нөмірі жоқ Hyundai Accent автокөлігінің фотосы жарияланды.
Мағжан Жұмабаев ауданының полиция бөлімі оның Білім және ғылым министрлігіне қарасты облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне тиесілі екенін мәлімдеді.
Оған қатысты СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Айнагүл Сұрағанова Halyq Uni тілшісіне түсініктеме беріп, 25 жастағы көлік жүргізушісі – отбасылы, жұмысқа биыл сәуір айында қабылданғанын айтты. Оған дейін қала мен Мамлют ауданының әкімдіктерінде жүргізуші болған.
Ол 17-желтоқсанда ешкімнен рұқсат сұрамай қызметтік көлікпен Мағжан Жұмабаев ауданындағы туысқандарына барған. Жүргізушінің айтуынша, қайтар кезде күн батып, қараңғы басқан. Сосын көліктің нөмірін алып, жүксалғышына салып, автокөлікті жауып, көмек сұрау мақсатында қалаға кеткен.
Мен ол кезде басқа қалада болғанмын, телефон арқылы хабарласқанда маған осындай түсініктеме беріп жатыр. Ал неге оқ атылғанына қатысты ештеңе айта алмаймын. Кеше түнде келгем, астанада болғам. Қазір мында бір жұмыстарымды аяқтап, Булаевоға (М. Жұмабаев ауданының орталығы – ред.) өзім де барғым келіп тұр. Мән-жайын сол жақтан білетін шығармын. Өзі 2011 жылы берілген бір ғана қызметтік көлік бар. Мені, қызметкерлерімізді тасиды. Ауылдарға, аудандарға іссапарға барғанда алып барады. Штатымызда 9 ғана адам істейді, қысқартумен 7 адам ғана қалып отыр, - деді департамент басшысы.
Департамент басшының айтуынша, жүргізуші жұмысқа қабылданғанда бұрын сотталмағаны және басқа да анықтамаларында таза екені көрсетілген. Қазір аудандық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру» бабы бойынша іс қозғап, бұл оқиғаға қатысы бар тұлғаларды іздестіріп жатыр.