Халықаралық тасымалдау саласында артық талаптардың күші жойылады
Бейінді министрлік аталған бұйрықты міндетті алдын ала талдаусыз қабылдаған
Көлік прокурорлары халықаралық автомобиль тасымалдарын реттеу саласындағы бірқатар нормативтік актілерге түзетулер енгізілген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 13 желтоқсандағы бұйрығын зерделеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өзгерістер тасымалдауды іске асыруға рұқсат алу, автокөлік құралдарына рұқсат карточкаларының қолданылу мерзімдері бойынша талаптарды күшейтті және тұтастай алғанда, бұл 6 мыңға жуық отандық тасымалдаушылардың жағдайын нашарлатты. Бұл – бейінді министрліктің аталған бұйрықты құқықтық инновациялардың халықаралық тасымалдаушылар мәртебесіне жататын кәсіпкерлердің қызметіне қалай әсер ететінін міндетті алдын ала талдаусыз қабылдағанының салдары (Кәсіпкерлік кодекстің 82-бабы), – делінген прокуратура хабарламасында.
Осыған байланысты көлік прокуратурасы өз ұсынысында жаңадан құрылған Көлік министрлігінің алдына заңдылықтың бұзылуын жою және осы салада бизнес жүргізу үшін рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдау туралы бірқатар мәселе қойды.
Бүгінде министрлік басқа уәкілетті органдармен бірлесіп, бұйрықтан тасымалдаушылар ұсынатын артық құжаттар мен мәліметтерді алып тастауды көздейтін жаңа түзетулер әзірледі. Өйткені олар туралы бірқатар қажетті ақпарат мемлекеттік органдардың цифрлық дерекқорларында (қоршаған ортаға эмиссиялар үшін төлем декларациясы, жүргізушілермен жасалған еңбек шарттарының көшірмелері және т.б.) бар.
Осы түзетулерді қабылдау тиісті құжаттамалардың үштен бірін қысқартуға және тасымалдаушыларға қойылатын талаптарды едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді.