×

Цифрлы майнинг елімізде жасыл энергетиканың дамуына серпін береді

Ресми деректер бойынша, әлемдік майнингтің 70%-ы жасыл энергетиканы қолданады

 Халық үні 19.05.2022 | 14:11
фото: semenov-sherin.blogspot

Қазақстан блокчейн-технологиялар қауымдастығының төралқа төрағасы Исламбек Салжановтың айтуынша, еліміз тәуелсіздік алғалы бері соңғы 30 жылда бізде электр энергиясында профицит болып келді. Кеңес одағынан қалған МАЭС-1, МАЭС-2 секілді көмірмен істейтін өндірістік қуаты жоғары мекемелер болды. Соңғы 2-3 жыл ішінде майнинг енді басталып жатқанда елде профицит болған. Құны шамамен 4-5 теңге болатын электр энергиясын не Қазақстанға, не Ресейге сата алмай келгенбіз. Қазақстан энергетикасының дамуына нақ осы майнинг себепші болған. Бұл туралы Исламбек Төлеубайұлы Досым Сәтбаевтың AuditoriumQZ ютуб-арнасына берген сұқбатында айтты. 
 
«Цифрлы майнинг пайда болғалы электр энергиясын кеңірек тұтыну бастады. Олар бүкіл профицитті жаратып, дефицитке әкелді. «Ақ», «сұр» деп бөлетіні жоқ, жалпы айтып отырмын. Олар сөйтіп сұранысты арттырып, тапшылық қалыптастырды. Экономикада оның не екенін жақсы білесіз. Сұраныс болған жерде ұсыныс та болуы керек», - дейді Салжанов. 
 
Ресми деректер бойынша, әлемдік майнингтің 70%-ы жасыл энергетиканы қолданады. Оның ішінде АҚШ, Ресейдегідей үлкен гидростанциялар бар. 
 
«Біздің ойымызша, цифрлы майнинг жасыл энергетиканың дамуына серпін береді. Өйткені, цифрлы майнерлер электр энергиясын өндірушілермен 10-15, 20 жылға дейін ұзақмерзімді келісімшарт жасай алады. Оның үстіне, олардың өздері де электр энергиясының генерациясына ақша салуға дайын. Онда да әңгіме жасыл энергетикаға қатысты», - дейді қауымдастық төрағасы.  

Сарапшы цифрлы майнинг алдымен жасыл энергетиканы дамытанына, одан соң цифрлы майнинг саласын, сол арқылы бүкіл экономиканы ілгерілетініне сенімді.  

Исламбек Салжанов «майнерлер ештеңе өндірмейді» деген стереотип қалыптасқанын, олар керісінше тиімділігі өте жоғары цифрлық актив қалыптастыратынын жеткізді.  

Оның айтуынша, цифрлық активті тасымалдау өте оңай. Оған теміржол да, құбыр желілері де, электр желілері де керек емес. Интернет болса жеткілікті. Соның арқасында экспорттық табыс табуға әрі одан экспорттық салық алуға болады.  

«Қаншалықты табыс түсеріне қатысты түрлі дерек айтылады. Дегенмен, бұл әлі жаңа индустрия. Оның ішінде «ақ» майнерлер аз, енді ғана құрылып жатыр. Майнерлердің 70%-ы ештеңе төлемейтін «сұр» майнерлер болды. Сондықтан бір сөзбен айту қиын. Қазір салық төлене бастады. Сондықтан жарты жылда көрсеткіш анағұрлым көтерілуі мүмкін», - дейді қауымдастық төрағасы.  

Жалпы блокчейн-технологиялар индустриясынан мемлекет бюджетіне жыл сайын 127,5 млрд теңге түсіп отырады деген мәліметтер айтылып жүр. Одан бөлек, Қазақстанның ұлттық блокчейн және дата-орталықтар қауымдастығының алдағы 5 жылда олардың экономикалық пайдасы 1,5 млрд доллардан асып түседі деген болжам бар.  

«Бұл соншалықты көп қаражат емес. Қазір майнерлердің құрылғыларын импорттауына ҚҚС енгізді, салықты да көтергелі жатыр. Сондықтан болашақта бюджетке криптоиндустриядан келетін салық түсімі көбейе береді», - дейді Исламбек Салжанов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама