Павлодар облысының әкімі тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды
Біз барлық жұмысты мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүргіземіз, - деді ол
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов ауа-райының қолайсыздығына байланысты үндеу жолдап, тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды.
Облыс әкімі бұл туралы өзінің Instagram-дағы парақшасына жазды.
Желдің қатты екпініне байланысты (20 метр/секундтан астам) мүмкіндігінше көшеге шығудан бас тартуларыңызды сұраймын. Облыс бойынша ғимараттардан шатырлардың ұшып кетуі, электр қуатының өшуі, сондай-ақ ағаштардың құлау жағдайлары болды. Төтенше жағдайлар департаменті күштері мен коммуналдық қызметтер табиғи апаттың салдарын жою мақсатында күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Біз барлық жұмысты мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүргіземіз. Сабыр сақтауларыңызды сұраймын, - деп жазды әкім.
Қазір өңірде ТЖД штабы құрылып, жедел желі жұмыс істеп тұр. Байланыс нөмірі: + 7 7182 32 36 92 және 112, сонымен қатар 109 нөміріне хабарласуға болады.