Балалар омбудсмені Қонаевта екі полицейдің оқушы қызды зорлауына қатысты мәлімдеме жасады
Динара Зәкиева қызбен психологтар жұмыс істейтінін айтты
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Қонаев қаласында екі полицей зорлаған оқушыға қатысты мәлімдеме жасады.
«Қонаев қаласында болан кәмелетке толмаған баланың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмысқа қатысты. Қыз баланың туыстарымен байланыстамын, баламен психологтар жұмысты бастайды деп келістік. Тергеу шаралары жүріп жатыр», - деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында оқушы қызды зорлаған полицейлер қамауға алынғаны хабарланды. Оларға кәмелеттік жасқа толмаған балаға қатысты қылмыс жасады деген айып тағылған.
Қос полицейді өздерінің әріптестері ұстаған.
«Биылғы 7 қарашада полицияға Алматы облысының 43 жастағы тұрғыны кәмелетке толмаған қызына қатысты екі белгісіз адамның жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны туралы арызданды. Сол күні қылмыстық іс ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 3-1-бөлігінің 1-тармағы бойынша облыстық полицияда тіркелді», - деп хабарлады Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 2000 және 2001 жылдары туған күдіктілердің жеке басын анықтап, ұстаған. Тергеу нәтижелері бойынша олар қамауқа алынды.
«Жақын арада сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу аяқталып, қылмыстық істің материалдары мәні бойынша қарау үшін сотқа жіберілетін болады. ҚР ҚІЖК 201-бабының талаптарына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген ведомство ақпаратында.