Ішкі істер министрі экс-әріптестерінен ақыл-кеңес сұрады (ВИДЕО)

Дәурен Ерболат

Бұрынғы басшылар оған көмектесуге ниетті

Фото: polisia.kz

Ішкі істер министрі Ержан Саденов ведомствода жоғары лауазымды қызмет атқарған бұрынғы әріптестерімен кездесті, деп хабарлады Polisia.kz.

Жиынға экс-министрлер Зауытбек Тұрысбеков, Қайырбек Сүлейменов, Қалмұханбет Қасымов, Ерлан Тұрғынбаев және тағы басқалары қатысты.

Іс-шараның мақсаты – аға буынға құрмет көрсету, тәжірибе алмасу, полиция қызметіне қатысты мәселелерді талқылау.

Кездесуде Ішкі істер министрі тәлімгерлер кеңесін құруды ұсынды.

Сіздер тәуелсіздік таңында қылмыспен күресіп, өз кәсіби шеберліктеріңізбен азаматтардың конституциялық құқығы мен бостандығын қорғаудың берік негізін қаладыңыздар. Қазіргі қызметкерлер мен болашақ басшылар үшін жұмысты жетілдіру бойынша кеңестеріңіз маңызды. Мұндай кездесулерді біз дәстүрге айналдыруды жоспарлап отырмыз, – деді Ержан Саденов.

Бұрынғы министрлерге Қазақстандағы қылмыстық ахуал туралы айтылып, полицейлердің күнделікті жұмысында қолданылатын цифрлық технологиялар көрсетілді: бейнебақылау жүйесі, жаңа бейнежетондар, дабыл түймелері, «102» мобильді қосымшасы және жол жүру ережесін бұзғандарды анықтауға мүмкін беретін «Қорғау» бағдарламасы.

Сондай-ақ Ішкі істер органдарының беделді қызметкерлеріне ішкі кадрлық процестерді оңтайландыру, Ұлттық ұланның әскери және арнайы техникасы таныстырылды.

Халық қаһарманы Қайырбек Сүлейменов полицияға көмектесу маңызды екенін атап өтті.

Бұл қызығы мен қиындығы қатар жүретін қызмет… Қателескен әріптесті демеп, оған көмектесу керек. Ал қаскөйлерді бұл қатардан аластату қажет. Біз сіздерге әрдайым қол ұшын созуға дайынбыз, – деді, бұрынғы ішкі істер министрі.