Полицейлерге қарсылық көрсеткен жүргізуші қамауға алынды
Тәртіп сақшылары оқ атуға мәжбүр болған
Полицейлерге қарсылық танытқан көлік жүргізушісі қамауға алынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, кеше сағат 11:45 шамасында Атырау – Орал тасжолының 183-шақырымында DALMLERCHR SLER автокөлігінің жылдамдық асырғаны анықталған. Алайда аталған көлік жүргізушісі патрульдік полиция инспекторларының заңды талабына бағынбай, салдарынан Индербор кентінен қызметтік көліктердің алдын бөгеуімен тоқтатылған. Көлік тоқтатылған соң да жүргізуші көліктен түспестен қашып құтылмақ болып патрульдік полиция инспекторының оң аяғын басып кетіп, жол бойындағы бірнеше автокөлікке авариялық жағдай тудырып жүріп өткен. Заңды талапқа бағынбаған жүргізуші көлігінің дөңгелегіне екі мәрте және ескерту мақсатында аспанға екі рет оқ атылды.
Аталған көлік тас жол бойынан тоқтатылып, ұсталды. 1989жылы туған жүргізуші медициналық сараптамадан өткізіліп, оның мас күйде емес екендігі анықталды. Ол көліктің өзінікі емес екендігін айтып ақталған.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 592-бабы 2 бөлігімен, 601-бабы 1 бөлігімен, 606-бабы 1 бөлігімен, 613-бабы 1 бөлігімен хаттама толтырылды. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы 3 бөлігімен, яғни билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері бойынша қылмыстық іс тіркеліп, күдікті қамауға алынды, – делінген хабарламада.